• Валюта бағамы: USD 84.39 | EUR 14.76 | RUB 350.6 | CNY 135.98 |

«Асар» жобасы мұқтаж жандар баспаналы болды

0


«Асар» жобасы мұқтаж жандарды баспанамен қамту мәселесін біртіндеп шешіп келе жатқаны қуантады. Ауыл тұрғындарын бір-біріне жақындататын, бауырмашылық сезімін оятатын осы керемет дәстүрдің арқасында осыған дейін ауданда төрт үй берілсе,
бесіншісі Масаншы ауылында сыйға тартылды.
20 жыл бойы баспанасыз, жалдамалы пәтерде, ал соңғы жылдары мешітте тұрған масаншылық Идрис Санхур 10 сәуір күні баспаналы болды. Тапқан-таянғанын өзгеге беруден мезі болған жанның асқақ арманының орындалуына игі іс-шараны бастап берген Ф.Сеитова басқаратын «Дүнгендердің халықаралық қауымдастығы» ұйытқы болды. Сонымен қатар, сауапты іске бүкіл жұрт болып ақша жинады. Осылайша, 4 млн. теңгеге жуық қаражатқа ел болып жаңа үйдің құрылысын бастаған. 15 сотық жерде бой көтерген үйде енді Идрис Санхур анасы Сапаргүл екеуі тұратын болды.
Қуаныш иелерін құттықтау үшін аудан және ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлері, ауыл ақсақалдары, дін өкілдері, туыс-жақындары жиналды. Көпшіліктің құттықтау сөздерінен кейін Идрис Санхурға салтанатты түрде үйдің кілті ұсынылды.
Айта кету керек бұл Масаншы ауылында «Асарлатып» тұрғызылған алғашқы баспана. Игілі іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, сауапты іс жалғасын табатын болады. Салтанатты жиында кең дастархан жайылып, осы іске атсалысқан әр азаматқа үлкен алғыс айтылды.


Отар ауылында алты бала тәрбиелеп отырған жалғыз басты ана баспаналы болды. Көп балалы отбасы 15 жыл бойы пәтер жалдап, өзгенің үйін паналап келген еді. Олардың ең үлкен арманының орындалуына Алматы қаласындағы «Асар уме» қайырымдылық қорының көмегі тиді.
Қуаныш иесі, алты баланың анасы Арайлым Сатыбалдиеваның айтуынша, соңғы бір-екі жыл олар еш жағдайы жоқ бір бөлмелі пәтерде тұрыпты. Балаларын жалғыз өзі асырап жатқан ана үшін бұл өте қиын екені айтпаса да белгілі. Жалғызбасты ананың жағдайына қанық болған «Асар уме» қайырымдылық қорының өкілдері Отар ауылындағы Керімқұл көшесінен үй алып береді. Бес бөлмелі үйде барлық жағдай қарастырылған, 20 сотық жерде қора жайы, моншасы бар. Аталмыш қордың Қордай ауданындағы өкілі Бақыт Асубаев көпбалалы анаға үйдің кілтін табыстап, ізгі тілектерін жеткізді.

  • Мен өте қуаныштымын, қазір жағдайым жақсы, әкімдікте ақылы қоғамдық жұмыстарды атқарамын. Басты проблема – үйлі болу мәселесі шешілді. Енді біртіндеп тұрмысымыз жақсарады деп үміттенемін. Арманымның орындалуына себепші болған қайырымдылық қорға, атсалысқан барша азаматтарға алғысым шексіз, — дейді Арайлым Сатыбалдиева.
    Айта кетсек, осымен «Асар уме» қайырымдылық қоры Қордай ауданында мұқтаждарға үшінші үйді сыйға тартып отыр. Қордың Қордай ауданындағы өкілі Бақыт Асубаевтың айтуынша, қайырымдылық істері әрі қарай жалғасатын болады.

Пікір қалдыру