• Валюта бағамы: USD 84.39 | EUR 14.76 | RUB 350.6 | CNY 135.98 |

«Спорт – денсаулық кепілі»

0

Қазақстан Республикасы Үкіметінің дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіту бойынша қаулысына сай мемлекет бұқаралық спортты қарқынды дамытуды қолға алуды жоспарлап отыр. Аталған жоспарға сай спорттық алаңшалар мен орталықтар салынбақ, бұл бұқараның спортқа қолжетімділігін арттырады.

Осы орайда біз Қордай ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дидар Молдағалиевқа жолығып, аталмыш жоспарлардың ауданымызда қалай іске асқалы жатқаны турасында сұраған едік.
-Дидар Манарбекұлы, Президенттің бұқаралық спортты дамыту бойынша тапсырмасының орындалу барысы жөнінде айтып өтсеңіз.
-Жалпы аудан бойынша 311 спорт нысаны бар, оның ішінде 19 үлкен футбол алаңы, 224 шағын спорт алаңы, 53 спорт залы, 2 бассейн және 6 ату тиры. Бүгінгі таңда бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудан әкімінің қолдауымен 6 елді мекенде (Қаракемер, Қарасай, Қақпатас, Әлжан ана, Отар, Ауқатты) стритворкаут алаңшаларын салу жоспарлануда. Оған қоса спорт кешендері қолданысқа енгізілді. 2020-2021 жылдар аралығында аудан бойынша 4 спорткешені іске қосылды.
-Спорт кешендеріне жекелей тоқталып өтсеңіз…
-Типтік дене шынықтыру сауықтыру кешендері Қордай ауылында «Болашақ» ықшам ауданында, Отар, Әлжан ана, Бетқайнар ауылдарында ашылды. Былтырғы жылдың аяғында пайдалануға берілген «Болашақ» ықшам ауданындағы типтік дене шынықтыру сауықтыру кешенінде жұмыс істейтін 9 спорттық секцияда спорт мектептердің балалары жаттығады. Болашақта бұл кешен қалауы бойынша барлық азаматтарға қолжетімді болады. Былтыр Әлжан ана ауылында ашылған кешен 120 адамға арналған, штат саны 20 адам. Екі спортзалы бар, дзюдо, самбо, казақша күрес, шағын футбол, бокстан секциялар ашылып, екінші қабатта бірнеше тренажерлар орнатылды. Бүгінгі күнге аталмыш кешен толыққанды жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге Отар ауылында ашылған қажетті жабдықпен жабдықталған кешенде спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Спорттық секциялар жұмыс істейтін кешендегі персонал саны 10 адам, спортпен шұғылдануға ниетті барлық ауыл тұрғындары үшін есік ашық. Әрине, спорт мектептің балалары жаттығатын уақыт белгіленген кесте бар. Биыл Бетқайнар ауылында дене шынықтыру сауықтыру кешені бой көтерді. Кешен жұмысын бастады, дегенмен бірқатар ұйымдастыру жұмыстары атқарылғаннан кейін кешен барлық ауыл тұрғындарына қолжетімді болады. Сонымен қатар барлық кешендер жуынатын, киім ауыстыратын, т.б. бөлмелермен жабдықталған.Қазіргі таңда аудан бойынша қанша адам спортпен шұғылданады?

Бүгінгі күнге әр түрлі жас аралағындағы жүйелі түрде спортпен шұғылданатын адамдар саны 45547, яғни 37,3 пайыз. Спорт мектептері мен клубтарында спортеп шұғылданатын 7-18 жас аралығындағы балалар саны 4391 немесе 14,3 пайыз. Оған қоса, ауылдық округтерде спорттық шара ұйымдастырып, салауатты өмір салтын насихаттайтын 19 нұсқаушы жұмыс істейді.
-Спорттық мекемелер жүйесін кеңейту және тұрғындарды бұқаралық спортпен қамту үлесін ұлғайту бойынша жоспар бар ма?
-Әрине, биыл Қарасу, Қарасай, Гвардейский, Сарыбұлақ ауылдарында төрт дене шынықтыру сауықтыру кешендерінің құрылысы басталмақ. Осылайша, спортпен тағы мыңдаған адам қамтылып, дені сау ұлтты қалыптастыру бойынша Президент қойған міндет іске асырылмақ.

Пікір қалдыру