Егер қандай да бір адам өз перзентін радикалды ағымдарға икемдеп жатса, ол отбасының бала тәрбиелеу ісіне мемлекет араласуы қажет.
Кеше елордада өткен «Жастар арасындағы экстремизмнің алдын алудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда құқық қорғау ведомствосының лауазымды тұлғасы осындай елді елең еткізген ұсыныс айтты.
Діни конференцияға Үкімет өкілдері, Парламент депутаттары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жастар ұйымдары, осы салаға маманданған үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, сондай-ақ дін және діни сенім бостандығы жөніндегі сарапшылар, ғалымдар, дінтанушылар қатысып, жастар арасындағы экстремизмнің өзекті мәселелерін талқыға салды.
Жиында айтылғанындай, бүгінде Қазақстанда барлығы 18 дәстүрлі дін өкілдері «бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, тәуелсіз мемлекетті нығайту жолында еңбек етуде». Бұл ретте мемлекеттің ұстанымы айқын: оны Елбасының өзі: «мемлекетіміздің зайырлы сипаты – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты» деп тұжырымдаған. Сонымен бірге елімізде қарау ниетті миссионерлердің, жат ағым өкілдерінің бей-берекет тайраңдауына жол берілмеуі тиіс.
Кеше жиынға қатысушылар діни экстремистік және террористік ұйымдардың өз қатарына жастарды тартуына, соның ішінде Таяу Шығыстағы қанды қырғындарға жастарымыздың қатысуына үлкен алаңдаушылық білдірді.
Мәселен, Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция департаментінің Экстремизмге қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Д.Разуевтің пікірінше, ең бастысы, жастарға экстремизмнің дінмен ешқандай байланысы жоқтығын түсіндіру керек.
–Біз, құқық қорғау органында өз жұмысымызды қайта құрудамыз, – деді ол. – Мысалы, интернетті «экстремистік идеялар таратылатын басты көз» ретінде тани отырып, өзіміз де ғаламторға шығудамыз. Атап айтқанда, онлайн-конференциялар өткізуді тәжірибеге енгіздік. Оған министрліктің орталық аппараты да, аумақтық ішкі істер бөлімшелері де тартылады. Бұл ретте жастармен жұмысқа баса мән берудеміз.
Дархан Разуев интернеттегі сондай жиындар барысында жастарды «деструктивтік, экстремистік ұйымдардың өз құрбанына қалай қақпан құратыны», «қандай ұйымдарға Қазақстанда тыйым салынғаны», «жат ағымдардан қандай қауіп төнетіні», «олармен байланысқан адамның қандай қылмыстық-құқықтық жауапкершілік арқалайтыны» қызықтырады екен.
Ішкі істер министрлігінің тиісті құрылымы жаңалықтар астына, әртүрлі форумдарда оқырмандар қалдыратын пікір-комментарийлерді сүзгіден өткізеді, ІІМ басқарма бастығының орынбасары жастардың пікірлерінің ауаны өзгергенін хабарлады.
Д.Разуев жастарға үлкен әсер ететін тағы бір тәсілді қайтадан қолдана бастағандарын жеткізді: «Бүгінде біз Қазақстанның терроризмге қарсы орталығымен бірлесіп, жастарды, соның ішінде әсіресе, мектеп оқушыларын ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелеріне, арнайы бөлімшелеріне шақырып, әңгімелесеміз, техникамызды көрсетеміз. Жасөскіндердің санасына жалаң дәрістерден гөрі, көрнекі құралдармен оңайырақ жетуге болады. Олар техникаға, қару-жараққа қызығушылық танытады. Мұндағы мақсат не? Құқық қорғау және арнайы органдардың кез келген террорлық актілердің бетін қайтаруға сақадай сай екенін, лаңкестерге қосылу опа тапқызбайтынын паш ету».
Жиында ІІМ Экстремизмге қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары жас ұрпақты экстремизмнен қорғауды бүлдіршін жастан бастау керек екеніне назар аудартты.
– Біз «жастар» дейміз де, балалар жайын ұмыт қалдыра береміз. Ал оларды ата-аналары кішкентай жасынан радикалды идеологияға тартады, баулиды. Жат ағымдарға кірген адамдар өзінің адасуымен шектелмейді, айналасын тек өз ұстанымын бөлісетін адамдармен қоршауға ұмтылады. Осы орайда менің конференция қорытындысына айтқалы отырған ұсынысым тым радикалды көрінуі мүмкін, бірақ меніңше, осыған барғанымыз дұрыс! – деді Д.Разуев.
Ол Қазақстандағы балалар құқығы туралы заңға өзгерістер енгізуді ұсынады: «Оған сәйкес, балаларды отбасында тәрбиелеу процесіне мемлекеттің араласу мүмкіндігі заңдастырылуы тиіс. Егер қандай да бір отбасында ата-аналары тарапынан баланы радикалдандырудың айқын үдерісі жүріп жатқанын анықтаса, мемлекет осы қатаң шараға барғаны жөн».
Рас, қолданыстағы діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңда «балалардың діни қызметке тартылмауға тиістігі» жазылған. ІІМ басқарма басшысының орынбасары Д.Разуев пәрменді шаралар үшін оның аздық ететінін қадап айтты.
Айхан Шәріп
Дерек көзі: «Айқын» газеті