• Валюта бағамы: USD 87.06 | EUR 12.06 | RUB 355.37 | CNY 156.45 |

Мүмкіндігі шектеусіз шебер

0
©Архив Анар Бексултановой

Бүгінде мүгедектік қоғам тарапынан барынша қорғауды талап ететін маңызды мәселелердің бірі.  Қазіргі таңда елімізде 1 млн-ға жуық мүмкіндігі шектеулі жандар тұрып жатыр. Оларға мемлекет тарапынан тек жәрдемақы ғана төленіп қоймай, мүгедек жандардың қоғамнан тыс қалып қоймауларына барынша жағдай жасалуда. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеу, әлеуметке кіріктіру мақсатында кәсіптік білім берудің қолжетімділігіне баса назар аударып отыр. Облыс көлемінде түрлі оңалту- сауықтыру кешендерінің саны жылдан-жылға артып келеді. Дегенмен, мүмкіндігі шектеулі жандардың барлығы дерлік үкіметке қарап алақан жайып отырған жоқ. Араларында сау адамға үлгі боларлық, өз кәсібін дөңгелетіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған азаматтар да бар. Сондай жандардың бірі Тараз қаласының тұрғыны, кәсіпкер Анар Бексұлтанова. Ол өзінің екі қолының жоқтығына қарамастан,  тігін цехын ашып, қыз жасауын тігеді.

Анар Жамбыл облысы Талас ауданында көпбалалы отбасында бесінші перзент болып дүниеге келген. Ата-анасының қамқорлығының арқасында ерекшелігіне қарамастан, жоғарғы оқу орнына түсіп, мұғалім мамандығын алып шықты. Қазіргі таңда екі қыз тәрбиелеп отырған ардақты ана.

Өз қабілетін дамытуға ерекше күш салып, сурет салу мен кесте тігуді қолға алды. Нәтижесінде қол өнерге деген қызығушылық Анарды үлкен кәсіпке алып келді.

-Бизнесті бастау аса қиынға соққан жоқ. Қарызға ақша алып, екі әпкеммен бірге бастап кеттік. Тауарға өзіміз барып жүрдік. Бірінші өзіміздің таныс-тамырлардан бастадық. Сөйтіп, адамдар бір-бірінен естіп келе берді. Бизнесті бастасаң, тұтынушылар не керек екенін өздері айтады. Солай алып кетуге болады», — дейді өз тәжірибесімен  бөліскен Анар.

Сонымен қатар, Анар мемлекттік қолдауды да қалт жібермейді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында ұйымдастырған байқауына қатысып, 3 миллион тенге грантын жеңіп алды. Оған қосымша тігін машиналарын алып, үйінін қасынан шеберхана ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде сауда орталығында «Әдемі  қыз жасауы» деген бутигі де бар.

 

Анар тек кәсіппен емес, сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады. Күні кеше «Алтын сапа» сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзада ханымның ұйымдастырумен Петропавл қаласында өткен «Көрпе фест — 2022» фестивалінде құрақ өнеріне қызығатын әйел адамдарға өз шеберлігін көрсетіп келді.

Қазақы болмыстың, өнердің ұйықтап жатқан жерінен бір сілкіндіріп оятқандай болдық. Өз тарапымыздан бар білгенімізді бөлісіп, аналардың рухының көтерілуіне себепші болдық. Аналардың табысын арттыру, жергілікті билікпен байланысын нығайтып, ақпараттық жүйенің жолын көрсеттік… Ендігіде «Әр қазақ менің жалғызым» деген ұранмен Алланың берген жасында қазақ аналарына беретін жәрдемімді аямаймын деп шештім, —  дейді Анар.

Жігері мықты, қайсарлы, әр жетістігіне табандылығымен жеткен тігінші кәсіпкер бүгінгі қоғамға  үлгі боларлық жан десек артық айтпаймыз.

Пікір қалдыру