Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған Балалар жылына арналған іс-шаралар жоспары аясында қаламызда Облыстық “Аяла” балаларды оңалту орталығы жұмыс істейді. Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ашылған оңалту орталығы бұрынғы облыстық мамандандырылған фтизиопульмонология шипажайы болған. Бүгінде аталған орталық қайта құрылымдалып 18 жасқа дейінгі ерекше балаларды қабылдайды. 120 төсектік арнайы құрал-жабдықтармен қайта жабдықталған оңалту орталығында арнайы біліктілігі жоғары мамандар жұмыс жасайды.
Атап айтқанда, неврологиялық, тірек-қимыл қозалысының патологиясы бар, жарақат алған, ортопедиялық, соматикалық созылмалы аурулары бар балаларды емдеу үшін – педагогикалық түзету, музыкалық терапия, кәсіби терапия, ойын терапиясы бойынша емдеу курстарын жүргізеді. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін №27 орта мектептің мұғалімдері келіп 1-11 сынып аралығындағы оқушыларға қазақ және орыс тілдерінде сабақ өткізеді. Мекемеде емдеу барысы мен оқу барысы қатар жүргізіледі және ем алушылар бес мезгіл тамақпен қамтылған. Мемлекеттік негіздегі оңалту орталығындағы қызметтердің барлығы балаларға тегін көрсетіледі. Мұндағы мамандар ерекше балалардың әрқайсысымен жеке жаттығу жасап, қоғаммен бірге өмір сүруіне мүмкіндік береді. Облыстық «Аяла» балаларды оңалту орталығына мүмкіндігі шектеулі балалар мекен-жайы бойынша тіркелген емхана арқылы жолдама алады. Оңалтумен қатар мұнда офтальмологиялық қызметтер де көрсетіледі. Көз ауруларына шалдыққан балаларға заманауи құрылғылар арқылы нақты диагноз қойылып, тиісті ем-шаралар жасалады. Емдеу курсы – 24 күн. Аталған оңалту орталығында жыл басынан бері 484 бала сауықтырылды.