• Валюта бағамы: USD 88.32 | EUR 11.08 | RUB 348.14 | CNY 169.95 |

Жамбыл облысының алты айлық әлеуметтік – экономикалық даму қорытындылары талқыланды

0

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтың төрағалығымен әкімдіктің кеңейтілген мәжілісі өтті. Мәжілісте Жамбыл облысының қаңтар –маусым айларындағы әлеуметтік экономикалық даму қорытындылары талқыланды.

Тақырып бойынша бірініш сөз алған экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова осы жылдың соңғы алты айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндады. Басқарма басшысының, биыл бірінші тоқсанда жалпы өңірлік өнім 463,1 млрд.теңгені құрап, 5 пайызға артқан. Ал, алғашқы жарты жылдықта экономикалық өсім 104,1 пайызды құраған.

Сондай-ақ,  өнеркәсіп — 108,1 пайыз, ауыл шаруашылығы — 102, құрылыс — 105,7, тұрғын үй көлемі 103,7, сауда – 105,3, байланыс — 101,9 пайыз деңгейінде қалыптасты. 155,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, 255 млрд. теңгеге көлік қызметі көрсетілген.

Өзіндік кірістер 58,9 млрд. теңгеге орындалып, 25,7 пайызға артса, бюджет қаражаты 99,9 пайызға игерілген. Бұл көрсеткіштердің барлығы республикалық орташа көрсеткіштен жоғары қалыптасқан.

Алайда  Гүлдана Жауынбекова Тараз қаласы мен аудандар бөлінісінде бірқатар көрсеткіштерде жоспарды орындауда баяу, артта қалғандарды да атап өтті. Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ұлттық жобалардың орындалу барысына жүргізілген талдау қорытындысына да назар аудартты. 10 бағыт бойынша жеке-жеке аталынып, орындалмай қалу қаупі бар индикаторларға көңіл бөлді.

— Мен үнемі аудандар мен басқармалар өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау қажет деп айтып келемін. Әзірге нәтиже көрінбейді.  Аудандар міндетті түрде орталық атқарушы органдармен де жүйелі байланыста болу керек. Жылдың қорытындысымен барлық индикаторлар орындалуы тиіс. Ешқандай сылтау қабылданбайды!

Қайта өңдеу кәсіпорындарын құру бойынша жұмыстардың  да орындалу барысы нашар. Жеке инвестиция есебінен жобаларды жүзеге асыруға ден қою қажет. Бұл бағытта әр ауданның әлеуеті ескеріле отырып, басқармалармен бірлесіп әзірленген жоспарлы жобалар бар. Енді сол жоспардың орындалуы қатаң бақылауда болады. Осы тұрғыда жұмыстарды күшейтуге ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын, — деді Нұржан Нұржігітов.

Аймақ басшысы көрсеткіші төмен салалық басқармалардың басшыларынан жауаптар алып, жұмыс барысын тездетуді тапсырды.

Басқармалардың өздеріне тиесілі индикаторларға қатысты жауаптарына қанағаттанбаған облыс әкімі өзінің орынбасары Нұржан Календеровке бөліністі қайта қарауды жүктеді.

Басқосуда облыс әкімінің орынбасарлары Нұржан Календеров пен Еркін Үйсімбаев та  баяндама жасап, әр саладағы атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелерге айрықша тоқталды.

Бағаны тұрақтандыру, жұмыссыздықпен күрес, мектептердің асханаларында ас сапасы, жастар саясаты, ауылдық клубтардың штаттық бірлігін арттыру секілді бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.

Өз кезегімен сөз алған облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен жергілікті атқарушы органдардың орындаушылық тәртібі туралы баяндама жасады. Барлық тапсырмалардың уақытылы орындалу керектігін ескертіп, кері байланысты нығайту, атқарылған жұмыстарды көрсете білу, тұрғындардың өтініштеріне дер кезінде, сапалы жауап беру секілді мәселелердің маңыздылығын баса айтты.

Облыс әкімі тиісті басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеп, әкімдік мәжілісін алдағы уақытта жиі өткізетіндігін ескертті.

 

 

Пікір қалдыру