• Валюта бағамы: USD 90.45 | EUR 12.09 | RUB 349.13 | CNY 175.65 |

Н.Нұржігітов: Жолдаудағы жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыру – басты міндет

0

Аймақ басшысы  Нұржан Нұржігітов кезекті аппарат кеңесін өткізіп,  мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы міндеттер мен тапсырмалардың облыс көлемінде  жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Аталған  Жолдауды  іске асыру бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекітіліп,  экономиканы сапалы дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру үшін  5 негізгі бағыт бойынша іске асыру жоспарлануда.

Кезекті кеңесте  облыс әкімі  Жолдаудың әр бағытына жеке-жеке тоқталып, Жамбыл облысында атқарылуы тиіс жұмыстарды нақтылады.

— Бүгінгі таңда президент Жолдауын нәтижелі жүзеге асыру – бірінші кезекте.  Аталаған Жолдаудағы жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту мен бюджет саясатына қатысты тапсырмаларды өңірде жүзеге асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу қажет. Бұл мәселеге  экономика басқармасы жауапты.

Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсету маңызды. Аталған тапсырманы өңірде жүзеге асыру бойынша кәсіпкерлік басқармасы ұсыныс әзірлеуі керек.

Сондай-ақ, шағын және орта бизнес субъектілері санының артуына жағдай жасауға міндеттіміз. Облыстың бекітілген даму жоспарына сәйкес ағымдағы жылы орта кәсіпкерліктің үлесі 8,3 пайызға орындалуы қажет.

«Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде оқудан кейін жеке ісін ашқан азаматтардың үлесінің артуын назарға алыңыздар.

Жолдауда кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдерін айқындап, оны жыл соңына дейін әзірлеу, әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау тапсырылды. Осы орайда облыстық жер қатынастары мен аудан әкімдері игерусіз жатқан жерлерді мемлекетке қайтару бойынша шара қабылдауы керек. Сондай-ақ, ағымдағы жылы қосымша елді мекен жайылымын ұлғайту үшін 418,4 мың гектар жер учаскесін қосып беру жұмыстарын толық аяқтауға тиіс,-деді Нұржан Нұржігітов.

Аймақ басшысы  Жолдаудағы «Нақты секторды дамыту», «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция», «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту», «Заң және тәртіп»сынлды бағдарларға да арнайы тоқталып, барлық салаларда нәтижелі жұмысты қамтамасыз ету үшін жауапты тұлғаларға  тапсырмалар берді.

Жиында Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру бойынша өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірлеу керектігі баса айтылып, облыс әкімінің орынбасарларына өз салалары бойынша бақылау жүктелді.

 

 

 

Пікір қалдыру