• Валюта бағамы: USD 88.32 | EUR 11.08 | RUB 348.14 | CNY 169.95 |

Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің басшылары Тараз қаласында

0

Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Каддуми Саад-Аль, Азия-Тынық мұхиты аймағы қолөнершілерінің дүниежүзілік кеңесінің вице-президенті Азиз Муртазаев Жамбыл облысына іс-сапармен келіп, аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовпен кездесті.  Кездесуге «Асыл Дизайн» сән үйі «Аспара» брендінің бас дизайнері  Айдархан Қалиев та қатысты.

Кездесуде қонақтар  Тараз Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгізуге лайық қала екендігін атап өтіп, өз ұсыныстарын да айтты. Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Каддуми Саад-Аль, Азия-Тынық мұхиты аймағы қолөнершілерінің дүниежүзілік кеңесінің вице-президенті Азиз Муртазаев осы мәселе жөніндегі халықаралық сараптамалық комиссия мүшелері болып табылады.

Аймақ басшысы өз кезегінде 2000 жылдан астам тарихы бар Тараздың өткені өнегеге, тағылымға бай екенін, бүгінде құндылықтарды жаңғырту жолында ауқымды жұмыстар жоспарланып, қолға алынып жатқандығын жеткізді.

Қазіргі таңда облысымызда 3435 тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Олардың 5-уі — халықаралық ЮНЕСКО ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізбесіне алынған, 25-і – республикалық дәрежедегі, 698-і жергілікті маңыздағы ескерткіштер.

— Үш күндік сапарларыңызда Тараздың терең тарихымен танысып, жәдігерлерге бай екеніне, қолөнершілер қаласы атануына лайық екеніне көз жеткізе түсесіздер деп ойлаймын.  Өңірімізде ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, көптеген  дені сау адамдарға үлгі болып отырған мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Сондай жандардың бірі екі қолы жоқ Анар Бексұлтан қарындасымыз. Екі аяғымен  қазақтың қолөнерін жаңғыртып, кәсібін жасап, басқа да қыз-келіншектерге ұстаз болып отырған жан.  Жасап отырған жұмысын тамсанып айтудан жалықпаймыз. Сондай-ақ,, тарихымызды таныту арқылы туризмді дамыту бойынша ауқымды шаралар жоспарлануда. Бұл бағытта жұмыс істейміз деген кәсіпкерлерге барлық қолдаулар көрсетіледі, — деді Нұржан Нұржігітов.

Каддуми Саад-Аль мырзаның айтуынша, Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізімі 2014 жылдан бері құрылуда. Бүгінгі таңда бұл тізімге дүниежүзінің 55 қаласы енген.

Қолөнершілер қалалары тізіміне Өзбекстан Республикасының Самарқан, Бұхара, Хиуа, Қоқан қалалары енгізіліп, бүгінгі таңда Үргеніш қаласы осы тізімге қосылуға өтініш беріп отыр. Қырғызстан Республикасының Нарын қаласы да осы тізімге енгізілген.

Келген  қонақтар  жамбылдықтарға өз ризашылықтарын жеткізіп, өңіріміздің мәдени, рухани бағытындағы жұмыстарын оң бағалады. Облыстың қолөнершілік және туристік әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, коммиссия тарапынан жалпы оң шешім қабылданатынына сендірді.

Сарапшылар алдағы екі күн бойы «Көне Тараз шеберлері» қолөнер көрмесіне қатысып, қолөнерді жүзеге асыру нүктелерімен танысып, өңірдегі мәдени-тарихи нысандарды аралайды.

 

Пікір қалдыру