SPIKER.KZ ақпараттық-сараптамалық портал
  • Валюта бағамы: USD 93.9 | EUR 12.21 | RUB 369.07 | CNY 172.53 |

Аймақ басшысы : «Ерекше күтімді қажет ететін балаларымыздың қоғаммен өмір сүруіне үздіксіз жағдай жасауымыз қажет»

0

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов медицина қызметкерлерінің күніне орай  «Баласағұн» орталық концерт залында өткен іс- шарада  ақхалаттыларды мерекелерімен  құттықтады. Сондай-ақ облыстың денсаулық сақтау саласына қосып жүрген үлесі үшін бірқатар қызметкерлерді марапаттады. Атап айтқанда саладағы үздік мамандарға «Еңбек ардагері» медалі, ҚР денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілері, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгілері және Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табыс етілді.

— Дәрігер – адам жанының арашасысы, жер бетіндегі сан алуан кәсіптің ішіндегі ең қастерлі мамандықтың иесі. Бұл үлкен мәртебе, әрі зор жауапкершілік.

Халық денсаулығын жақсарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.  Бұл ретте салауатты қоғам қалыптастырып, дені сау ұрпақ өсіруде дәрігерлердің алар орны ерекше.

— Үстіміздегі «Балалар жылы» аясында 120 төсектік «Аяла» облыстық балаларды оңалту орталығы ашылды. Жалпы облысымызда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған керекті құрал-жабдықтармен жабдықталған бірнеше орталық жұмыс істейді. Қалалық мектептерімізде инклюзивті білім беру тәсілдері жүзеге асырылып келеді. Біз ерекше күтімді қажет ететін балаларымыздың қоғаммен бірге өмір сүруіне, сол ортада еш кедергісіз бейімделуіне  үздіксіз жағдай жасап отыруымыз қажет.

Алдағы 2023-2025 жылдары 54 медициналық нысанның құрылысы жоспарлануда. Іскерлік ынтымақтастықтың арқасында Меркі және Жамбыл аудандарында, сондай-ақ, Тараз қаласының №5 қалалық емханасында алғашқы үздік практикалық орталықтар ашылды.

2,3 млрд теңгеге заманауи үлгідегі 20 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Жыл санап денсаулық сақтау саласындағы маңызды көрсеткіштер жақсаруда. Халықтың өмір сүру ұзақтығы – 72,7 жасқа дейін ұлғайды,-деді Нұржан Нұржігітов.

Біз денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыруда заманауи технологиялар мен практиканы ұштастыра отырып, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жетілдіруіміз қажет, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысының айтуынша, өткен жылы жергілікті жердегі кадр тапшылығын шешу мақсатында облысқа 98 жас маман тартылып, оның 68-і ауылдық жерлерге жолданса, биыл 23 маман жұмысқа келген.

Жылдан жылға облыстағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа денсаулық сақтау нысандары бой көтеруде. Өткен жылы 8 нысан пайдалануға берілсе, биыл жыл соңына дейін 23 нысан ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

 

Пікір қалдыру