• Валюта бағамы: USD 88.32 | EUR 11.08 | RUB 348.14 | CNY 169.95 |

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Талас ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы турасында жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді

0

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов кезекті іссапар барысында Талас ауданына ат басын тіреп, жергілікті тұрғындарымен кездесіп, азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізді.

Облыс әкімі бірінші Тамды ауылдық мәдениет үйінде  халықпен кездесу өткізді.

Кездесуде Тамды ауылдық округінің әкімі Рауан Асқаров жыл басынан бері ауылда атқарылып жатқан шаруалар жайын, ауылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін  баяндады.

Баяндамадан кейін  тұрғындар Нұржан Нұржігітовке ауылда қордаланған мәселелер, атап айтқанда   су каналын жөндеуден өткізу, күрес залы мен балабақша салу, жол жөндеу бойынша талап-тілектерін жеткізді.

Облыс әкімі барлық сұрақтарға жауап бере отырып, мәселелерді шешу бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен орындалатынын баса айтты.

–Әр отбасының тұрақты табысы болуы шарт. Ол үшін ауылдықтар мейлінше мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын сезінуі тиіс. Мысалы ауданда 85 шаруа қожалығы болса, соның 12-сі ғана субсидия алып отыр. Осындайда неге шаруалардың 50 пайызы субсидияның мүмкіндігін заң жүзінде барынша пайдаланбайды деген сауал туады. Сол секілді кәсіпкерлік саласында да жеңілдіктер жетерлік. Тұрғындар  аталған жеңілдіктерді дер кездінде тиімді пайдаланса, халықтың әл-ауқаты көтеріліп, ауылдың әлеуметтік –эконмикалық жағдайы жақсаратыны сөзсіз,– деді Нұржан Нұржігітов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы  Қаратау қаласында да  халқымен кездесу өткізіп, қала әкімі Дархан Байбетовтың  атқарылып жатқан жұмыстар жөніндегі есебін тыңдады.

Басқосуда қала тұрғындары көгілдір отын, саяжайларға ауыз су тарту, көпқабатты үйлерді жөндеуден өткізу, қоқыстарды тазалау туралы мәселелерді көтерді.

Жиын қорытындысымен көтерілген мәселелерді шешу бойынша жұмыстар жүргізу үшін облыс әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар тапсырды.

 

Пікір қалдыру