• Валюта бағамы: USD 88.32 | EUR 11.08 | RUB 348.14 | CNY 169.95 |

Бизнесті қанау қашан тоқтайды?

0

Президент жоғары сот төрағасы Жақып Асановты қабылдап, сот жүйесіндегі реформалардың жүзеге асу есебін алды. Асановтың айтуынша атқарылған жұмыс ауқымды екен. Жаңа Қазақстан құрудағы судьялардың әділетті шешім шығару принціптері түбегейлі өзгерген. Қазақшалағанда қара қылды қақ жаратын қазылар корпусы қалыптасқан.
Сенгің ақ келеді..
Алайда Ақордадан әлем басқаша көрінеді емес пе? Ақ үйден шыққан өзгерістер өңірге жеткенше, өздерін құдай сезініп кеткен кейбір судьялардың санасына сыналанғанша сан түрлі іс, әділетсіз шешімдердің астында қалып жатыр.
Мына мәселені біраздан бері зерттеп шықтық.
Жамбыл облысында ірі деген 4-5 шаруашылық бар. Соның бірі Меркі асылтұқымды қой зауыты. Нақты уақытта шаруашылық «AGROSTAN» компаниясына тиесілі. Қазір осы серіктестік пен әкімдік арасы ит пен мысықтай. Әсіресе супер әкім Сапарбаевтың кезінде қатты ушығып кетті. Агростан компаниясы облыс әкімдігіне тікелей бағынатын СПК Тараздан 5000 қарапайым акция сатып алған. Шаруашылық акцияның ақшасын уақытылы толық төлемегендіктен СПК Тараз екі рет сотқа беріп айыппұлымен қоса өндіріп алады. Осымен іс бітті деп Агростан инвестор тартып, салықтағы берешектерін жауып, енді табысқа шыға бастағанда әкімдік тағы сотқа береді. Бұл жолы бір жақты келісім шартты бұзып, 5000 акцияны қайтарып, бас аяғы 112 млн теңге өндіруді талап етеді. Сұмдық па?
Бір іс бойынша екі рет ақша өндіру, бір акцияны екі рет сату, бизнесті түбегейлі тұншықтыру немесе көпе-көрнеу тартып алу бізде ғана бар. Бар жоғы 180 млн теңге инвестиция салып отырған компаниядан 112 млн теңге өндірсеңіз банкрот болмақ тұрмақ тоз-тозы шығып кетпей ме?
Ең сорақысы әкімдік те, СПК Тараз да шаруашылықтың жағдайын ойлаған жоқ! Әкімдіктікі қайдағы бір компаниямен соттасып жеңілмейміз деген қу амбиция ғана, СПК Тараздікі бұл компанияны банкротқа ұшыратып тартып алып басқа бір дөкейке беріп, ортасынан майлы жілік мүжіп отыру. Ал әділетті шешім шығарады деген ауданаралық экономикалық сотқа не жорық!
Соңғы шешімді шығарған судья Гүлнара Ажакаева ханым бір сәт ойланды ма? Дәл осы шешімімен облыстағы бүтін тұрған бір шаруашылықты банкротқа жіберу, 150 адамды жұмыссыз қалдырудың арты әлеуметтік наразылыққа әкелетінін, онсыз да ыңыршығы айналып отырған дотациялық өңірдегі жалғыз асыл тұқымды мал зауытын талан-таражға салуға болмайтынын неге ұқпады екен?
Жалпы әкімдікпен бизнес соттасқанда неге әкімдік жеңе береді? СПК Тараз деген дәудің рейдерлік әрекеті қашан тоқтайды? Президенттің бизнесті қолдау, кедергі келтірмеу, Әділетті Қазақстан құру қағидасы біздің қазыларға неге әлі жетпей жатыр?
Бұл сұрақты күні кеше президентке кіріп шығып «бәрі күшті» деп есеп берген жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтан сұрағымыз келеді.
Меніңше судья деген жергілікті әкімдіктің мүддесін қорғай отырып, бизнеске залал келмейтіндей, шаруашылықтағы жүздеген жұмысшылардың құқығы тапталмайтындай, үш тарапты тең ұстап, майдан қыл суырғандай шешім шығаруы керек еді деп ойлаймын. Сондықтан да олар мыңнан таңдалып, жүзден сұрыпталған судьялар!
Әзірге, Гүлнара Ажакаеваның әрекетінен әділеттік көріп тұрған жоқпыз.
AGROSTAN компаниясы бұл шешіммен келіспей апелляциялық шағым түсірді. Алдағы күндері қайта қаралмақ.
Жалпы Жамбыл облысы әкімдігі, оған қарасты СПК Тараздағы бизнеске байланысты былықтар бастан асады. Алдағы жазбалардан бұл істің артында кімдер тұрғанын, рейдерлік әрекетке кімдер барғанын, бизнесті сүлікше соруды кәсіпке айналдырған СПК Тараз басшылары туралы оқисыздар. Бұған қоса судья Ажакаева деген кім, бұған дейін бизнеске байланысты қандай шешімдер шығарды, СПК пен судьяны не байланыстырады деген біраз мәлімет береміз.
Жалғасы өте қызық, әрі қорқынышты!

Жасұлан Әбдіхалықтың ФБ парақшасынан алынды

Пікір қалдыру