• Валюта бағамы: USD 88.32 | EUR 11.08 | RUB 348.14 | CNY 169.95 |

Нұржан Нұржігітов: Өңірлік деңгейлерде бағаны тұрақтандыру, бақылау жұмыстары үздіксіз жүргізілуі тиіс

0

Облыс  әкімі Нұржан Нұржігітовтің  төрағалығымен басқарма басшылары және жауапты тұлғалар қатысқан кеңесте   азық-түлік тауарларының бағасы, мониторинг жұмыстары,  сақтау қоймаларының дайындық барысы,  әлеуметтік дүкендердің азық-түлікпен қамтылу мәселелері талқыланды.

Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылауда ұстау, тұрақтандыру жұмыстары  басты назарда. Осы бағытта тиісті  шаралар қабылданған, жоспарлар құрылған.  Алайда, жасалынып жатқан жұмыстар көңіл көншітпейтіндігін айтқан аймақ басшысы  жауаптылардан тапсырмалардың орындалу барысын сұрады.

Кеңесте  ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы көкөніс сақтау қоймаларының ағымдағы жағдайы және шаруашылықтармен жасалған форвардтық келісім шарттар жөнінде баяндады.

Облыс әкімінің шаруашылықтармен сауда орындары арасында делдалсыз өнімді өткеру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бүгінгі күнге дейін жалпы 17 мың тонна өнім көлеміне 204 дүкенмен келісім шарттар жасалған. Алайда  келісім жасалған өнім көлемі әр аудан халқының тұтыну нормасы қажеттілігінің 5 пайызын да  қамтуға жеткіліксіз.

Аймақ басшысы осыған орай ерте пісетін өнімдерді делдалсыз тікелей дүкенге жеткізу үшін шаруашылықтармен жұмыс жасау қажеттігін айтты.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев азық-түлік тауарына үстеме ақыны 15 пайыздан асыра қосып сатқандар туралы мониторинг қорытындысын баяндады және үстеме ақы талабын бұзғандарға 16 ескерту берілгендігін айтты.

Аймақ басшысы  талапты бұзғандарға айыппұл салу, шаралар қолдану бойынша жұмыстардың қатаң қадағалануын айтып, «Алқаптан сөреге дейін» жобасының орындалуындағы кемшіліктерге тоқталды. Осыған орай  жауаптыларға қатаң ескерту жасалып, «Айналым схемасы» бойынша аудандар тарапынан берілген өтінімдердің көлемі көңіл көншітпейтінін атап өтіп, бұл тұрғыдағы «Тараз» ӘКК» АҚ-ның әлсіз жұмысын сынға алды.

Сонымен қатар жергілікті отандық тауар өндірушілермен өндірілетін тауарларды өткеруші сауда орындары арасында жасалған тікелей және форвардтық келісім-шарттар іс жүзінде нәтижесіздігін, жасалған келісімшарттардың негізінде жұмыстар бірқатар аудандарда ұйымдастырылмағандығы да айтылды.

— Мемлекет халықтың жағдайын жақсарту, тұрмысын арттыру бойынша ауқымды шаралар қабылдауда. Бұл орайда өңірлік деңгейлерде бағаны тұрақтандыру, бақылау жұмыстарының үздіксіз жүргізілуі маңызды. Кәсіпкерлер мен шаруалар бізге емес, біз оларға жұмыс істеуіміз керек. Жағдай жасап, қолдау білдіріп, тиісті жеңілдіктерге қол жеткізу үшін көмек көрсетуіміз қажет. Жауапты басшылар, мемлекеттік қызметкерлер осыны түсінуі тиіс, — деді Нұржан Нұржігітов.

 

Пікір қалдыру