Жамбыл облысында президент тапсырмасымен ауыл халқының тұрмысын арттыру табысын еселеу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып келеді. Бастыпқыда өңірдің он ауданынан 11 округ таңдалып алынып, экспериментті тұрғыда жүргізілген. Жобаның тиімділігі нәтижесін бірден беріп, енді оны барлық ауыл аймаққа тарату жоспарда бар. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов «Халықтың табысын арттыру бағдарламасын» іске асыру бойынша атқарылған жұмыстарды көзбен көру үшін арнайы делегациямен Жамбыл облысына келді.
Вице-Премьер «Шамуратов Шовкат Валерьевич» ЖК жұмысымен танысты. Шағын кәсіпорын күніне 400 кг шұжық өнімдерін шығарады. Цехта 7 маман жұмыс істейді. Ауыл халқының табысын арттыру (бизнес-жобаларды қолдау) пилоттық жобасының 5 бағыты бойынша несие алып еңбек өнімділігін еселеген.
Сондай-ақ Ералы Тоғжанов «Серік» ЖК жылыжайын аралап көрді. Несие сомасы – 14 566 мың теңге. Өткен жылы 30 тонна қияр өндірілді. Жылыжайда тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Онда 11 адам жұмыс істейді.
Вице-Премьер пилоттық жобаны іске асырудың жоғары мультипликативтік тиімділігіне назар аударды. Мал шаруашылығын дамытудың нәтижесінде шағын цехтар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.
«Халықтың табысын арттыру бағдарламасының» негізгі мақсаты – қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін арттыру. Ол үшін халықты жұмыспен қамтуды реттеу жөніндегі жүйелі шараларды қабылдау маңызды. Бұл бағытта ауылдағы дәл осындай кәсіпорындар үлкен рөл атқарады», — деді Ералы Тоғжанов.