• Валюта бағамы: USD 90.45 | EUR 12.09 | RUB 349.13 | CNY 175.65 |

Шебер шаңырақ қоғамдық бірлестігі

0

 

Елімізге танымал кәсіпкер — шебер Анар Бексұлтанованың бастамасымен Тараз қаласында «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігі ашылды. Ұлттық өнерді ұлықтап тігіншілікті кәсіп еткен Анар Сағынтайқызы мүгедектігі бар адамды кез –келген мекеме жұмысқа ала бермейтіндігін, өзі де көптеген қиындықтарды басынан өткергендігін алға тартып, аймағымыздағы әлеуметтік осал ортаға қолдау көрсету, олардың кәсіп ашуына жол ашу, өз тәжірибесімен бөлісу мақсатында аталған бірлестікті ашқандығын айтады.

Бірлестіктің негізгі мақсаты: отандық өндірістің дамуына үлес қосу, бірлестіктің өз өнімдерін нарыққа шығару, ұлттық дәстүрлі бұйымдарды заманауи жаңғырту, күнделікті қолданысқа енгізу, еліміздегі әлеуметтік осал ортаға қолдау көрсету, мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта ұйымдастыру, олардың кәсіп ашуына  жол ашу, орта және кіші бизнес иелеріне өз бизнесін дамытуға жол көрсету, тәжірибемен бөлісу, ақпараттық базамен қамтамасыз ету, өндіріс базасында оқу-ағарту жүйесін атқару, нәзік жандыларға бағыт-бағдар беру, әлеуметтік статусын көтеруге себепкер болу, қайырымдылық іс-шаралар атқару.

Қазіргі таңда  облысымызда ғана емес, еліміздің басқа өңірлеріне де шығып, әйелдерге өзім білетін істің мән-жайын түсіндіріп, үйде отырып табыс табудың қыр-сырымен бөлісіп жүрген жайым бар. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында, наурызда Жаңаөзенде , мамыр айында Петропавлда белгілі этно-дизайнер Ырза Тұрсынзадамен бірігіп, республикалық «Көрпе» фестивалін ұйымдастырдық. Бұл фестивальді ұйымдастырудағы  басты мақсат – ұлттық құндылықты дамыту, әйелдер қауымының жақсы деңгейде өмір сүруіне жол ашу.  Бұдан бөлек ерекше қажеттілігі бар жандар менен бар білгенімді үйретуді өтініп жататын. Сол себепті мүгедектерге арналған «Шебер шаңырақ» атты орталық аштық. Осы орталық арқылы ерекше қабілеттілігі бар жандарға білгенімізді үйретеміз. Орталық ашылғалы бері бірқатар іс-шаралар атқарып тастадық, — дейді Анар Сағынтайқызы.

Бүгінде тігін цехын үйден ашып, төрт адамды жұмыспен қамтып отырған Анар ауласында цехқа арналған басқа нысан соғып жатқандығын айтады. Өзінің мүгедектігіне қарамасатан, шыдамдылық пен жауапкершілікті ту етіп, биік белестерді бағындырып, кез-келген жаннан көмегін аямаған   Анар  ­біз үшін қашан да үлгі.

 

Пікір қалдыру