• Валюта бағамы: USD 88.32 | EUR 11.08 | RUB 348.14 | CNY 169.95 |

Нұржан Нұржігітов: Аудан әлеуетін арттыру, ерекше жандарға қамқорлық бірінші кезекте тұруы тиіс

0

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Мойынқұм ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан активімен кездесті.

Кездесуде облыс басшысы ауыл әкімдері мен бөлім басшыларына мемлекеттің ұстанып отырған саясаты мен алдағы жұмыс бағыты туралы айтып өтті.

— Аудан әлеуетін көтеру мақсатында республикалық бюджеттен қаржы қаралады. Сондай-ақ  жергілікті бюджеттен де бөлінетін және Үкіметтен көрсетіліп жатқан қолдаулар да бар. Ал аудан, ауыл әкімдері мен бөлім басшылары мемлекеттен көрсетілетін көмекті, түрлі бағдарламалардың мүмкіндіктерін тұрғындарға жеткізіп, жұмысты сапалы әрі жүйелі ұйымдастыруы тиіс,- деді облыс әкімі.

Өз кезегінде  аудан әкімі Әлихан Балқыбеков ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады.

Ауданда 16 ауылдық округ және 24 елдімекен бар. Онда 31 895 халық тұрады. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 3,3 пайыз, өнеркәсіп 11,8 пайыз, инвестиция 9,8 пайыз және құрылыс саласы 3,7 пайызды құраған. Аудандағы ресми тіркелген жұмыссыздар саны 862 адам. Сонымен қатар ауданның 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспары аясында қолға алынған шаруалар да аз емес.

Басқосуда Нұржан Нұржігітов Әлихан Балқыбековтен ауданның негізгі кіріс көзі және құрылыс, білім, денсаулық, мәдениет, спорт салаларындағы жаңа жобалар туралы сұрады.

Осы ретте аудан басшысы биыл жергілікті бюджеттен қаралған 690,6 миллион теңгеге саябақтар мен аллеялар жаңартылып,  ауыз су, жол мәселесі, әлеуметтік осал топтағы жандардың еркін қозғалуы  үшін арнайы мүмкіндіктер  сынды бірқатар шаруа ретімен шешілетінін айтты.

Аудандық бюджеттің кіріс көлемі көп болса, ірі жобаларды іске асыруға мүмкіндік туатынын ескерткен аймақ басшысы биыл құжаттары әзірленген 9 жоба бір аудан үшін аздық ететінін және шеткі аудандағы шаруаны тіктеу мәселесі аудан әкімдігінің сметалық құжаттарына байланысты екенін баса айтты.

— Біз қандай да бір  маңызды шешімді қабылдамас бұрын оны тұрғындардың қалай қабылдайтыныменен санасуымыз керек. Қоғамның қалай қабылдайтыны біз үшін бірінші орында тұруы тиіс. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына үнемі қолдау көрсетуіміз керек. Азаматтардың кей категориясы арнайы инфрақұрылымды қажет етеді. Олардың қоғамдық орындарда еркін қимылдауына толық мүмкіндік жасалу қажет. Осы мәселелердің ауданда атқарылуын жеке өзім қадағалаймын,- деді Нұржан Нұржігітов.

Басқосуда облыс әкімі бөлім басшылары мен ауыл әкімдерінен қойған сауалдарына  толық  жауап ала алмады. Нұржан Нұржігітов мемлекеттік бағдарламалар мен кейбір ережелерді өздері жете түсінбей отырған басшыларды сынға алды.

-Үкіметтен көрсетіліп жатқан қолдаулар көп. Алайда, ауыл әкімдері  субсидияның қарапайым шарттарын білмейді. Сол үшін де Мойынқұм ауданы былтыр субсидия алудан көш соңындағы аудандардың қатарында қалды. Үкіметтен грант алғандардың да саны аз. «Сен тимесең мен тиме» деп бос жүрген жарамайды. Апта сайын ауыл әкімдерінің жұмысын жетілдіру бағытын қайталап келеміз. Әлі нәтижесі байқалмайды.

Халықтың тұрмысын түзеу, табысын арттыру басты мақсат. Бұл бағытта мемлекет барынша жағдай жасап отыр. Бірақ біз соны халыққа толыққанды жеткізіп түсіндіруіміз қажет.

Тек бюджет қаражатын игеріп қана қоймай, жаңа жобаларды жүзеге асыру, сол арқылы жұмыс орындарын құру, тұрғындарды тұрақты табыспен қамту мәселесін шешуге күш салу керекпіз, -деді Н. Нұржігітов.

Актив отырысын қорытындылаған аймақ басшысы аудан әкімдігінің бөлімдерін ауыл әкімдерімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

 

Пікір қалдыру