SPIKER.KZ ақпараттық-сараптамалық портал
  • Валюта бағамы: USD 90.45 | EUR 12.09 | RUB 349.13 | CNY 175.65 |

Шаруалар пилоттық жобаның ауыл тұрғындарының табыс көзіне айналып, өңір экономикасының дамуына ықпал ететініне сенімді

0

 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Жамбыл облысына жұмыс сапарында  өңір тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасының жүзеге асу барысымен танысты.  Аталған жоба биылғы жылы тағы 10 ауылдық округте іске асады. Бұл бағытқа «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы несиелендіруге бөлінген 6 млрд. 47,5 млн. теңге қаржы қарастырылуда. Қазіргі кезде пилоттық  жобаның бес бағыты бойынша ауылдық округтердің есептері нақтылануда. Министр ауылдағы  отбасылардың табыс көзіне айналған жобаның облыс экономикасының ілгерілеуіне зор үлес қосатынын атап өтті.

Аталған пилоттық жобаны жүзеге асырып отырған  Байзақ ауданындағы Қостөбе және Үлгілі ауылдық округ  тұрғындары жемісін көруде. Бүгінде олар өз жеке кәсіптерін ашып, халыққа да пайдасын тигізуде. Ауыл тұрғындары Министр Тамара Дүйсеновамен жоспарларымен бөлісіп, өтініштерін де жеткізді.  Қостөбе ауылдық округіне қарасты Талас ауылының тұрғыны Әбужақып Қалдаров жобаның игілігін көріп отырғандығын және оның  тиімді тұстарын атап өтті. Зейнеткер 2 миллион 400 мың теңге көлемінде қаржылық қолдауға ие болып, мал шаруашылығын дамытуды қолға алған. Қазіргі таңда мал басы 15 жылқыға жеткізген ауыл тұрғыны бұл кәсіп отбасының табыс көзіне айналғанын айтты.

— Пилоттық жоба аясында отбасылық жеке кәсібімізді аштық. Алғашында 5 жылқы сатып алдық. Бүгінде өз жоспарларымызды сенімді түрде жүзеге асырудамыз. Ауыл экономикасының дамуына үлес қосып, бағдарламаның қарқынды жүзеге асуына үлесімізді қосатын боламыз. Себебі, оның пайдасы мол екеніне көзіміз жетті, — дейді шаруа.

Министр Тамара Дүйсенова жобаның пайдасын көріп отырған  ауыл тұрғындарымен кездесіп, жасап жатқан жұмыстарымен танысты.  Пилоттық жоба аясында  тұрмысы түзеліп, ісі алға басқандардың қатарында   ірі қара мал өсірумен қатар, үлесінде 10 соттық жері бар Қостөбе ауылындағы «Рүстем», асыл тұқымды тауықтарды өсіруді кәсіпке айналдырған Үлгілі ауылындағы «Ғалымжан» жеке шаруақожалықтары бар. Темірден түйін түйген Әмірбек Төлеповтың жұмысы жұртты сүйсінтті. Жоба аясында 2 миллион 800 мың теңге көлемінде несиеге қол жеткізген ол бүгінде 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мектеп қабырғасында-ақ түрлі техниканың тілін меңгерген Әмірбек бұл күнде асыраушы салаға қажетті техника жасаудың майталман маманы атанған.

— Бұл іске бала күнімнен құмар болдым. Сондықтан, әрбір техникаға барынша жанымды, күш-қайратымды, идеямды қосамын. Мейлінше, шаруашылыққа аса қажетті ерекше туынды жасауға тырысамын. Алдағы уақытта кәсібімді ұлғайтуды жоспарлап отырмын, — деді Ә.Төлепов.

Шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысқан соң министр ханым жоба аясында несие рәсімдеп, жұмысын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің құлашын кеңге сермеуіне жергілікті билік тарапынан барынша қолдау көрсетілуі қажеттігін атап өтті.

Жұмыс сапары соңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова облыс орталығындағы 150 орындық оңалту орталығының құрылысымен танысты. Айта кетейік, ғимарат бірнеше блоктан тұрады. Мәселен, бірінші блокта бассейн, киім ауыстыратын бөлме, спорт және көрермендер залы болса, екінші блокта – медициналық кабинеттер орналасқан. Ал үшінші блокта — асхана, қалған блоктарда-екі орындық және бір орындық палаталар бар. Құрылысқа жауапты «Таразстрой-2004» мердігер компаниясы жұмыстарды келесі жылы аяқтауды жоспарлап отыр.

 

 

 

Пікір қалдыру