• Валюта бағамы: USD 88.32 | EUR 11.08 | RUB 348.14 | CNY 169.95 |

Облыс әкімі Жуалы ауданына барып, аудан әкімдігіне баға тұрақтылығын қадағалауды тапсырды

0

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Жуалы ауданына кезекті жұмыс сапарымен барып, шаруа қожалықтарының жай-күйімен танысып, бірнеше нысандарды аралады.

Бірінші кезекте  облыс әкімі Теріс ауылына ат басын бұрып, ондағы тозығы жеткен Мәдениет үйінің ескі ғимаратын көріп, жаңа нысан салу қажеттігін атап өтті. Бұл мәселе бойынша  аудан әкімдігіне нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ ауылдағы дүкенге кіріп, азық-түлік бағасын тексеріп, дүкен иесіне үстеме ақыны талапқа сай 15 пайыздан асырмау керектігін ескертті. Аудан әкімдгіне баға тұрақтылығын қатаң қадағалауды тапсырды.

Екінші кезекте аймақ басшысы «Бақыт» шаруа қожалығына ат басын бұрып, шаруашылық жетекшісі Қуанышбек Қалдыбековпен кездесті. Шаруа қожалығы  «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 38,8 млн тенге несиеге 31 бас «МонБильярд» асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын алып келген. Чехиядан жеткізілген сиырлардың алғашқысы төлдеп, күндігіне 20 литрдей сүт беруде.

Шаруа қожалығының аймағындағы  суармалы алқапқа егілген құлпынай да айтарлықтай жеміс беруде.

Көрсетілген  жұмыстарды оң бағалаған облыс басшысы Нұржан Нұржігітов  «бір ауыл – бір бағытта» жаппай еңбек етсе,  тиімділік пен өнімділіктің артып, жергілікті тұрғындардың табысы да еселенетінін, ауыл халқының әл-ауқаты жақсарса, аудан эконмикасының да дамуы қарқынды болатынын айтты.

Облыс басшысы  Боралдай ауылдық округіндегі «Алтынай» шаруа қожалығына да барып, егіннің жай-күйімен танысты.  Егін жинау ісіне қызу кіріскен шаруа қожалық әр гектарынан орташа есеппен 18 центнерден өнім алуда. Күздік бидайдан түсетін өнім көлемі де бұдан аз болмайды деп күтілуде.

Биылғы жылы аудан бойынша 38 мың гектарға масақты дәнді дақылдар себілсе, бүгінде оның 15 мың гектарға жуығы жиналып үлгерген. Орташа өнім – 20,8 ц/га. Дәнді дақылдарды ору жұмыстарына жалпы 100-ге жуық комбайн жұмылдырылған.

Сонымен қатар, «Ақсай» каналындағы бетондау жұмыстарының орындауын да тексерді.  Аталған жұмыспен мердігер «Еламан» ЖШС айналысуда.  Қазіргі таңда 3 шақырымдық бетон плиталары ауыстырылса, қалғаны – 2 шақырымды құрайды. Канал арқылы 98 шаруа қожалық сумен қамтылады.

Нұржан Нұржігітов шаруаларға қажетті су көлемін жеткізу – басты міндет екеніне назар аудартып, жұмыстарды қыркүйек айына дейін аяқтауды тапсырды.

Сонымен қатар аймақ басшысы  Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінің күрделі жөндеу шараларымен танысып, мердігерге құрылысты сапалы орындауды әрі 20 тамызға дейін толығымен аяқтау керектігін ескертті. Одан кейін Бауыржан Момышұлы ауылында 3 қабатты көппәтерлі үй жаңадан бой көтерген. 9 пәтерлі үйді аралап көрген облыс әкімі аумақтың көлемін ескеріп, мұндай тағы үш үй салу мүмкіндігіне көңіл бөлді. Соған сәйкес тартылып жатқан инженерлік желілердің, жылу қазандығының әлеуетін де кеңейту, құжаттарын реттеу бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. Ол аудандағы тұрғын үй кезегінде тұрған  бірқатар азаматтардың баспана мәселесін шешуге ықпал етпек.

Сондай-ақ, Қоңыртөбе ауылының тұрғындарының  таза ауыз сумен қамтылу үшін атқарылып жатқан жұмыстармен де танысты. Елді мекенге тартылып жатқан ауыз су жүйесінің құрылысы осы жылдың аяғына дейін аяқталады деп күтілуде.

Жалпы, аудандағы 49 елді мекеннің 31-і таза ауыз сумен қамтылған десек, қалған 18 ауылдың тұрғындары 2025 жылға дейін тіршілік нәріне түгелдей қолы жететін болады.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауданды аралау барысында  қаралған мәселелерді шешу, бағалау жұмыстарын жүзеге асыру бойынша жауаптыларға жан-жақты зерделеу жүргізу, тиісті шаралар қабылдауға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

Пікір қалдыру