Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтың Талас ауданына жұмыс сапары Бостандық ауылындағы «Зерхат» фермерлік шаруашылығымен танысудан басталды. Өңір басшысына ауыл шаруашылығы саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен негізгі көрсеткіштер туралы мәлімет берілді.
Облыстағы егістік жерлердің ауданы 21 643 га құрайды, оның 76 пайызы игерілді. Су үнемдеу технологиялары 220 га жерге енгізілді.
2022-2025 жылдары саланың жалпы көлемі 3 млрд.54 млн. теңгені құрайтын 65 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.
Субсидия беру, техникаларды жаңарту, су каналдарын тазалау, балық шаруашылығын дамыту бойынша қолға алынып жатқан шаруалар да баршылық.
Облыс әкімі мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктерді, субсидияларды тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталып, ол бойынша ауылдық округ әкімдері түсіндіру жұмыстарын барынша жүргізу керектігін жеткізді.
Өз кезегінде «Зерхат» шаруа қожалығының басшысы көкөніс сақтау қоймасы мен жылыжай салуға ниетті екенін, ол үшін электр энергиясын тартуға көмектесуді сұрады. Бұл мәселе назарға алынатын болды.
Бұдан соң аймақ басшысы аталған ауыл тұрғыны Серік Мәдиевтің ауласына ат басын бұрды. Ол өзінің үй іргесіндегі шағын аумақты тиімді пайдаланып, айтарлықтай табысқа кеңеліп отыр. Бұл ісі – көпке үлгі.
Облыс әкімі осында бір топ ауылдықтармен кездесті. Жергілікті тұрғындар балабақшаны кеңейту, жайылым, қоқыс мәселелерін көтерді.
Ауыл ауыз сумен қамтылған десек, көгілдір отын жететін күн де алыс емес.
Келесі кезекте аймақ басшысы Ақкөл ауылына барып, әлеуметтік, медициналық, білім нысандарының жай-күйімен танысты.
Ауылда орналасқан №6 Талас аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында қазіргі таңда 200 ем алушыға қызметтер көрсетілуде. Онда 170-тен астам адам еңбек етуде десек, олардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Орталық басшылығы мекеме іргесіндегі бос тұрған ғимаратты жаңғыртып, қызметкерлерге арналған жатақханаға айналдыру үшін қолдау көрсетуді сұрады.
Ақкөл ауылындағы дәрігерлік амбулаториясында облыс әкіміне ауданның денсаулық сақтау саласында көрсеткіштер мен жоспарлар туралы баяндалды.
Бүгінде Үшарал ауылында ауысымына 45 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталса, 30 келушіге арналған дәл осындай нысанның құрылысы Есейхан ауылында басталған. Кадр тапшылығын шешу, медициналық нысандардың жылыту жүйесін газға ауыстыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да назарға алынды.
Ал, 1970 жылы негізі қаланған «Ақкөл» орта мектебі күрделі жөндеуді қажет етеді. ЖСҚ дайындалған. Оқу ордасының маңыңдағы бірқатар ауыл тұрғындарымен кездесіп, ой-ұсыныстарын тыңдады.
Аймақ басшысы білім ордасында бірде-бір «педагог-шебер» санатындағы ұстаздың жоқтығын сынға алды. Білімнің сапасын арттыру үшін әр мектепте кемінде бір «педагог-шебер» болуы керектігін ескертті.
Сондай-ақ, психологтардың оқушылармен жұмысының маңыздылығына тоқталды.
«Talas Investment Company» ЖШС жұмысымен және индустриалды аймақпен, «Билікөл» автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысымен, «Қаратау-ПРО» ЖШС мен «Игілік» МКҚК жылу қазандығының қызметімен танысқан облыс әкімі олардың өзекті мәселелерінен де хабардар болды.
Бұдан бөлек жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Қаратау қаласындағы Д.Нұрпеисова көшесінде жаңадан соғылған спорт алаңшасына барып, Д.Қонаев атындағы орта мектебінің және №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының күрделі жөндеу жұмыстарын тексерді.
Сонымен қатар, Талас аудандық орталық ауруханасында, «Астана» бөбекжай бақшасына ат басын бұрып, Қаратау қаласындағы бос тұрған №5, №6 жатаханаларды және «Казфосфат» ЖШС-ның демеушілігімен қайта жаңғыртудан өткен Қаратау қаласы 3 мөлтек ауданындағы №15 көпқабатты үйді көрді.
Спорт, білім, инфрақұрылым салалаларындағы көрсеткіштерге, газдандыру, ауыз су тарту жұмыстарына қанықты.
Облыс әкімінің аудандағы жұмыс сапары актив жиынында түйінделді. Басқосу барысында аудан әкімі Қанатбек Мәдібек есеп берді.
Аймақ басшысы жайылым мәселесін шешу, субсидия алу, тұрғындардың табысын арттыру, инвестиция тарту бойынша салалық бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдерінен жеке-жеке жауаптар алып, бірқатар кемшіліктерді ашып көрсетті.