• Валюта бағамы: USD 90.45 | EUR 12.09 | RUB 349.13 | CNY 175.65 |

Таразда оқушылар сарайы ашылды

0

Тараз қаласында Балалар жылына арналған іс-шаралар жоспары аясында 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының ашылу салтанаты өтті.

Жаңа нысанның ашылу рәсіміне облыс басшысы Нұржан Нұржігітов, қала тұрғындары, мектеп оқушылары және еліміздің барлық өңірінен педагогтар қатысты. Жиналғандар алдымен жаңа ғимаратты аралап, робототехника, 3D-модельдеу, авиамодельдеу, кеме модельдеу, қазақ және қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнер, ландшафтық дизайн кабинеттері мен сәулет және дизайн мектебімен, коворкинг-орталығымен, обсерватория және планетариймен танысты. Оқушылар сарайында 81 үйірме жұмыс істейтін болады.  Фойеде оқушылардың ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстары қойылған көрме ұйымдастырылды.

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов өз сөзінде облыста көркемөнер, музыкалық, ғылыми-техникалық, әскери-патриоттық бағыттағы қосымша білім беретін 75-тен астам мектептен тыс ұйым ашылғанын атап өтті. Мұндай нысандар жыл санап артып келе жатыр.

Мемлекет басшысы 2022 жылды балалар жылы деп жариялады. Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау  — еліміздің әлеуметтік – құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі. Осыған орай биыл балаларды қорғауға, сапалы біліммен қамтуға,  мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Өскелең ұрпақтың балалық шағының қамсыз, бақытты өтуін қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз. Бүгінгі таңда Жамбыл облысының балабақшаларында 57 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. 244 мың бала мектептерде, 23 мың студент колледждерде білім алуда. Білім беру сапасын арттыру мәселелерімен қатар, балалардың бос уақытын ұйымдастыру мәселелері де назардан тыс қалған емес. Жаңа оқушылар сарайында жас ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Бұл сарайға қаламаздағы ерекше балалар да келіп, өз уақыттарын тиімді өткізе алады. Ел Президенті атап өткендей, балалардың әл-ауқаты – мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі, — деген аймақ басшысы педагогтарға, балаларға шығармашылық табыс тіледі.

Білім және ғылым министрінің кеңесшісі, балаларға қосымша білім берудің республикалық оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер балалардың толыққанды дамуы үшін қолайлы жағдай жасаудың қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

Жаңа оқушылар сарайы барлық оқушылар, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін де, педагогтар үшін де инновациялық алаңға айналатынына сенімдімін. Қазіргі уақытта елімізде барлығы 1523 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Оқушылардың кәсіби даярлыққа дейінгі тыңғылықты дайындығын ұйымдастыру үшін күш-жігерімізді біріктіру – аса маңызды. Жастар болашақ мамандығын сенімді түрде таңдап, креативті, белсенді азаматтық ұстаным иесі болуы тиіс. Білімді жастар – елдің зияткерлік әлеуеті екенін ұмытпауымыз керек, — деді ол.

Пікір қалдыру