• Валюта бағамы: USD 90.45 | EUR 12.09 | RUB 349.13 | CNY 175.65 |

Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттырудың жолы – пилоттық жоба

0

 

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жөніндегі пилоттық жобаның Т.Рысқұлов ауданындағы орындалу барысы қаралды.

Пилоттық жобаға ауданнан Құмарық ауылдық округі де енген болатын.

Бірінші бағыты бойынша 598 аула қамтылып, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану көрсеткіші 95 пайызға артқан. Ал, екінші бағыты бойынша, тұрғындар барлығы 7 244 бас мал сатып алған.

Ал, елді мекен сыртындағы 1053 га жер тиімді игеріліп, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 89,9 млн. теңгеге 17 дана түрлі техника сатып алынған.

Нәтижесінде жұмыссыздар саны 29 адамға кеміп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 32 отбасыға азайған. Қатысушылардың орташа айлық табысы 34 мың теңгеден 84,5 мың теңгеге, немесе 2,5 есеге артқан деді баяндама жасаушылар.  Алайда, облыс әкімі бұл көрсеткіштердің барлығы алғашқы жылы қалыптасқан нәтиежелер екенін айтып, одан кейінгі атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша талдау жүргізілмегенін сынға алды.

Оған қоса ауданда жоба шеңберінде тиімді шартпен берілген несиенің қайтарылым қаражаты бойынша зерделеу жүргізілмегеніне де назар аударды. Ауыл әкімі мен құрылған кооператив арасында өзара тығыз байланыстың, бірлескен жұмыстың жоқтығын да ескертіп, жұмысты ширатуды тапсырды.

    — Президент халықтың тұрмысын арттыруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге айрықша басымдық беріп отыр. Аталған жоба осы тұрғыдағы маңызды тетік деуге болады. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, табысын еселеу, мал басын көбейтіп, шаруасын ширатуға осы жоба үлкен қолдау болмақ. Сондықтан,  біз ауылдықтардың табысын жақсартуға негізделген жобаның мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға тиіспіз. Салалық басқарма мен аудан әкімдіктері жұмыстарды ұтымды ұйымдастыра білу керек, — деді Нұржан Нұржігітов.

Пікір қалдыру