• Валюта бағамы: USD 90.45 | EUR 12.09 | RUB 349.13 | CNY 175.65 |

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша тиімді жұмыстар жүргізілуде

0

Жамбыл облысы әкімі Нұржан Нұржігітовтың  төрағалығымен  азық-түлік бағасын реттеу мәселелері бойынша аппарат  кеңесі  өттті.

Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметі бойынша  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қорын қалыптастыруға 1,5 млрд теңге, «айналым схемасын» іске асыруға 2,7 млрд. теңге қарастырылған.

Айналым схемасы — өндірушілерге жеңілдетілген несие беру арқылы тауарларды белгіленген бағамен сату міндеттемелерін енгізу болып табылады. Кредиттік ақша сауда желілеріне төмен бағалар кезеңінде өнімді алдын ала сатып алуға және өндірушілермен форвардтық шарттар жасасуға көмектеседі.

Облыста 32 әлеуметтік дүкен бар, оның 16-сы Тараз қаласында, 16-сы аудан орталықтарында орналасқан. «Айналым схемасы» аясында олар ұн, күріш, жұмыртқа, сүт, май, картоп, пияз, сәбіз сияқты 9 түрлі тауармен тұрақты түрде қамтамасыз етілуде. Қалған әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 10 түрі тұрақтандыру қорынан жеткізіледі немесе тікелей ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен сатып алынады.

Тұрақтандыру қорында бүгінде 1094,8 тонна көлемінде азық-түлік қоры қалыптастырылған.

Ауыл шаруашылығы басқармасының ақпараты бойынша   жол картасы мен даму жоспары аясында 2022 жылы 4,0 млрд. теңгеге азық-түлік өнімдерін сақтауға арналған 8 қойманың құрылысы жүріп жатыр.

Бүгінгі күні  19,4 мың гектар алқаптан 616,6 мың тонна көкөніс өнімдері жиналған десек, өткен жылмен салыстырғанда көкөніс өндірісінің көлемі 15 пайызға артты.

Аймақ басшысының тапсырмасымен  «Алқаптан сөреге дейін» жобасы аясында облыстағы 213 дүкенге делдалдарсыз тікелей 8,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі келіп түскен. Алайда  аудан дүкендеріндегі азық-түлік өнімдері өз құнынан 2 есе қымбатқа сатылатыны туралы деректер  де тіркелуде.

– Аудан әкімдіктері әлі күнге шаруа қожалықтарымен, кәсіпкерлермен жұмысты жолға қоя алмай отыр. Бұдан тек делдалдар ғана ұтуда, олар жаппай сатып алып, дүкендерге 2 есе қымбатқа сатады. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша тиімді жұмыс жүргізуге барлық мүмкіндік бар. Аудан, ауылдық округ әкімдері тиісті басқармамен бірлесе отырып, тек ұйымдастыру мәселелерін пысықтау керек, – деді Нұржан Нұржігітов.

Облыс әкімі тарапынан Тараз қаласының әкімдігіне ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, аудандардан қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерін базарларға жеткізу, оның ішінде логистикалық мәселелерді шешу жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды. Сонымен қатар  апта сайынғы жәрмеңкелерден бөлек қалаға жақын маңдағы шаруа қожалықтарының қатысуымен тұрақты жәрмеңкелер өтеді. Облыс әкімі қоғамдық көліктер тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін автобус тасымалдаушыларға алдын ала ескертуді талап етті.

Аймақ басшысы баға мәселесі бойынша арнайы комиссия құруды тапсырды, оның құрамына бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті, облыстық прокуратура, сауда департаменті өкілдері енеді.

Нұржан Нұржігітов жауапты сала мамандарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша 15 пайыздық сауда үстемеақы талабының сақталуын үздіксіз қадағалап отыруды міндеттеді.

 

 

 

Пікір қалдыру