Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен әкімдіктің кеңейтілген отырысы өтіп, «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жобаның іске асырылу барысы жан-жақты талқыланды. Отырысқа аудандар мен Тараз қаласы әкімдері, басқарма, аумақтық департамент, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба кәсіпкерлік құрылымында сапалы өзгерістерді қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында шағын бизнесті дамыту, экономика салаларын әртараптандырудың орта бизнес – драйверіне сүйену, бәсекелестікті кешенді дамыту – кәсіпкерлік субьектілері үшін тең жағдай қалыптастыру мақсатына негізделген. Жобада негізінен 10 индикатор айқындалып, оның екеуі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына, төртеуі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, төртеуі туризм басқармасына бекітілген.
Тақырып бойынша бірінші болып сөз алған кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев өздеріне тиесілі индикаторлардың орындалу көрсеткіші туралы баяндады.
— Қаржылық қолдау шараларын алған кәсіпкерлік субъектілерінің санын ағымдағы жылы 282 жобаға жеткізу индикаторы қойылған.
Жамбыл облысына 2022 жылға «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде барлығы 13,5 млрд.теңге қарастырылды. Қазіргі таңда, «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде соммасы 21,6 млрд.теңгені құрайтын 871 жоба қаржыландырылып, аталған көрсеткіш орындалды.
Сонымен қатар ағымдағы жылы ауылда жаңа 1965 кәсіпкерлік субъектісін құру индикаторы бекітілген. Соған сәйкес, жыл басынан ауылдарда 3382 ШОБ субьектісі құрылып аталған көрсеткіш орындалды.
Бірақ аудандар бөлінісіндегі межелі көрсеткішке Мойынқұм және Жуалы аудандары қол жеткізбеген. Осы себептен Мойынқұм және Жуалы аудан әкімдіктеріне жыл соңына дейін көрсеткішке қол жеткізу үшін тиісті жұмыстардың атқарылуын сұраймыз,-деді А. Сейсебаев.
Сондай-ақ туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембеков пен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Кенжебек Олжабай да өз салаларында индикаторларға қол жеткізу бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалының директоры Еркін Атымтаев, Қордай ауданының әкімі Мәден Мұсаев та аталған бағыт бойынша орындалып жатқан жұмыстар барысын баяндады.
Басқосуда облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков қолөнершілікпен айналысатын тұрғындардың арасында өз кәсібін ашқысы келетіндер баршылық екендігін және жоба аясында оларға қандай қолдаулар бар екенін сұрады.
Аймақ басшысы мемлекет тарапынан азаматтарды қолдауға бағытталған қаржы көлемі қомақты екендігін айтып, тек соны үйлестіріп, қолөнершілерге жеткізу үшін тиісті шаралар қабылдап, ұсыныстар әзірлеу бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеді.
— Біз индикаторларды қалыптастыруда төмен меже қойып алып, сол бойынша есеп беруге дағдыланып алғанбыз. Индикаторлық жоспарды жоғары етіп белгілеп, соны орындауға күш салу керекпіз. Оған біздің әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді.
Бүгінгі таңда қалыптасып отырған жағдайды ескере отырып, облыс экономикасына әсерін тигізетін негізгі салалардың жұмыс қарқынын төмендетпеуіміз керек.
Басқармалар тиісті органдармен бірлесіп, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында белгіленген көрсеткіштерді жыл соңына дейін орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.
Халықтың табысын арттыру, жұмыссыздыққа жол бермеу бағытында мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын тиімді пайдалана отырып, облыс экономикасын одан әрі дамыту жолында қаралған міндеттерді жүзеге асыру аса маңызды.
Инвестиция тарту, мемлекеттік бағдарламалар арқылы бөлінген қаржылардан жергілікті кәсіпкерлер шет қалмауы үшін жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстарын арттыру керек,-деп сөзін аяқтаған облыс басшысы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктеді.