Жамбыл облысы Қордай ауданында Конституция күнінің құрметіне орай орталық алаңда жәрмеңке ұйымдастырылып, қордайлықтар арзан бағамен азық-түлік сатып алуға мүмкіндік алды.
Аудан ауылдарынан жиналған шаруалар өз тауарларын тұрғындарға делдалсыз сатуға мүмкіндік алды. Жәрмеңкедегі тауарлардың бағасы аудан әкімдігі бекіткен шекті бағадан аспай сатылып, әр сауда нүктесінің алдында тауарлар тізімі мен бағасы ілінді.
-Бүгінгі ұйымдастырып отырған жәрмеңкеміз облыс және аудан әкімдерінің арнайы тапсырмасымен жасалып отыр. Іс-шарамыздың басты мақсаты маңызды азық-түлік бағасының өсуіне қарсы күресу және сол арқылы тұрғындарға жеңілдік жасау. Сол үшін саудагерлерге бағаның шекті деңгейлері бар қағаз таратып, бағаны өсірмеуді қадағалап отырмыз, — деді аудан әкімдігінің ауыл шарушылығы бөлімінің басшысы Бақдәулет Садырбаев.
Ауданда әкімдік тарапынан халықтың күнделікті қолданысындағы азық-түлік тауарларына тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізіліп, кәсіпкерлерге баға негізсіз көтерілген жағдайда шара қолданылатындығы ескертіліп отырады. Жәрмеңкеде кәсіпкерлер тарапынан бағаны тұрақтандыру бағытындағы ұсыныс-пікірлер де тыңдалды.
-
Бүгінгі таңда өзекті мәселе – қымбатшылық. Әсіресе азық-түлік бағасының күннен-күнге шарықтауы тұрғындар үшін оңай соғып жатқан жоқ. Осыған орай ұйымдастырылған жәрмеңке біз үшін үлкен көмек. Аудан әкімдігіне жергілікті тұрғындар атынан алғысымыз шексіз, осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылып тұрса деген тілегіміз бар, — дейді аудан түрғыны.